Жамбыл облысында екі айда 27 жасөспірім жүкті боп қалған
16-17 жастағы қыздар арасында жүктілік көп тіркелген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 27 дерегі анықталды. Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.
Ведомствоның ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айжан Терлікбаеваның айтуынша, биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. 2025 жылдың осы кезеңінде мұндай 44 жағдай тіркелген.
Статистикаға сүйенсек, жүктіліктің басым бөлігі 16-17 жастағы қыздарға тиесілі — 23 жағдай. Тағы 4 дерек 18-19 жастағы, некеде тұрған қыздарға қатысты. Денсаулық сақтау органдары 16 жасқа дейінгі қыздар арасында жүктілік тіркелмегенін атап өтті.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, жүкті жасөспірімдердің едәуір бөлігі — колледж студенттері. Нақтырақ айтқанда, 12 қыз орта арнаулы білім алып жүр. Біреуі жоғары оқу орнында оқиды, тағы бірі кешкі мектепте білім алады. Ал жеті қыз мектеп бітіргеннен кейін ешқайда оқуға түспеген.
Сондай-ақ, екі жағдай басқа өңірлерден келген қыздар арасында тіркелген.
Облыста жасөспірімдерге арналған сегіз жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Мұнда психолог, гинеколог және басқа да мамандардан аноним түрде кеңес алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жыл сайын скринингтер жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары, дәрістер мен ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылады.
Мамандардың айтуынша, әрбір ерте жүктілік жағдайы жеке қаралады. Оған дәрігерлер, психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары тартылады.
Айта кетейік, ел бойынша соңғы бес жылда 18 жасқа дейінгі қыздар арасында шамамен 12 мың жүктілік дерегі тіркелген.
Материал авторы