Павлодарда аса қатігездікпен кәсіпкерді өлтіру ісі бойынша тергеу аяқталды
Кәсіпкерді өлтірген күдікті Ресейге қашып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда бір жыл бұрын болған кәсіпкер өліміне қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды. Іс материалдары сотқа дейінгі танысу сатысына жіберілді. Бұл туралы irbistv.kz жазды.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 21 ақпанда тіркелген. Кәсіпкер Асулан Нұрмағамбетов сол күні із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны іздеуге туыстары, еріктілер мен әскери қызметкерлер жұмылдырылған.
Алғашында іздеу жұмыстары әуежай маңында жүргізілген. Алайда үш күннен кейін ер адамның денесі Павлодар қаласының орталығынан табылды. Сараптама оның зорлық-зомбылық белгілерімен көз жұмғанын көрсетті.
Марқұмның туыстары істің ерекше қатыгездікпен жасалғанын айтып, қылмыстық бапты ауырлатуды талап еткен. Тергеу бұл уәжді ескеріп, істі қайта саралаған.
Нұсқа бойынша, қылмысты жәбірленушімен іскерлік байланыста болған тағы бір кәсіпкер жасаған. Күдікті оқиғадан кейін Ресейге қашып кеткен. Кейін ол Краснояр өлкесінде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.
Қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Асылбек Қайроллаевтің мәліметінше, іс «ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабы бойынша тергеліп, аяқталған. Күдікті қамауға алынған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына соттау жазасы қарастырылған.
Материал авторы