Атырауда «жалға аламыз» деп техника алып, ломбардқа өткізген екі әйел ұсталды
Атырауда 25 алаяқтық дерегі тіркелді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда алаяқтыққа күдікпен екі әйел қолға түсті. Полиция дерегінше, олар жалға алу сылтауымен бөтеннің техникасын иемденіп, кейін ломбардтарға өткізіп отырған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 37 және 43 жастағы қала тұрғындары 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың наурызына дейін интернеттегі хабарландырулар арқылы әрекет еткен. Олар мүлікті жалға беретін адамдарды тауып, сеніміне кіріп, техниканы уақытша пайдаланамыз деген желеумен алып кеткен.
Алайда алынған құрылғылар кейін ломбардтарға тапсырылып, түскен ақша өзара бөлініп, жеке қажеттеріне жұмсалған.
Қазіргі таңда бұл схема бойынша 25 эпизод тіркелген. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырды: мүлікті бейтаныс адамдарға құжатсыз бермеу, міндетті түрде келісімшарт жасау, жалға алушының жеке деректерін тексеру, мүмкіндігінше кепіл алу және тек сенімді платформаларды пайдалану қажет.
Материал авторы