Алаяқтық пен пара: Өскеменнің бұрынғы әкімі сотта кінәсін мойындады
13 млн теңгелік көлік пен 20 млн пара ісі сотта қаралды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскемен қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрынғы қала әкімі, кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Жақсылық Омарға қатысты іс қаралды.
Айыпталушыға екі бап бойынша — «алаяқтық» және «ірі көлемде пара алу» — айып тағылған.
Прокуратура сотта екі эпизодты жария етті. Бірінші жағдай Омардың қала әкімі болған кезеңіне қатысты. Тергеу нұсқасына сәйкес, жәбірленушіге кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік алу үшін өтініш рәсімдеу ұсынылған. Ол бұл өтінішті орындап, 2021 жылғы Toyota Camry 75 алған. Кейін көлікті әкімдікке апарып тапсырғанын айтқанымен, одан кейінгі тағдыры белгісіз болған. Тергеу дерегінше, көлік үшінші тұлғаға рәсімделіп, trade-in арқылы жаңасына ауыстырылған және оны айыпталушы пайдаланған. Осы эпизод бойынша келтірілген шығын көлемі 13 млн теңге деп бағаланған. Алайда сотта жәбірленуші шығын өтелгенін айтып, талап қоймайтынын мәлімдеді.
Екінші эпизод биыл ақпан айының басында болған. Айыптау тарабының мәліметінше, Жақсылық Омар қала әкімдігі қызметкерлерінің бірінен 20 млн теңге сұраған. Айыпталушы бұл әрекетті талап емес, «өтініш» деп түсіндіргенімен, тергеу оны қызметтік қамқорлық үшін пара алу ретінде бағалаған.
Аталған қызметкер заңсыздықты түсініп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы бақылау барысында ол күдіктімен қайта кездесіп, соманы бөліп төлеуді ұсынған. Нәтижесінде үшінші тұлға арқылы 6 млн теңге берілген. Кейін күдіктіні ұстау кезінде оның тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан 5,6 млн теңге табылған.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады. Қорғаушылар бас бостандығынан айырмайтын жаза қолдануды сұрады. Олардың айтуынша, туыстары айыппұл төлеуге жеткілікті қаржы жинаған. Бұған дәлел ретінде 112 млн теңге көлеміндегі есепшот үзіндісі ұсынылған.
Іс бойынша келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленді.
Материал авторы