405

Астанада жұмысшылар LRT вагондарын арқанмен сүйреген (ВИДЕО)

Әлеуметтік желіні шулатқан видеоға түсініктеме берілді.

Астанада жұмысшылар LRT вагондарын арқанмен сүйреген (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әлеуметтік желілерде жұмысшылардың LRT вагондарын қолмен сүйреп бара жатқан видеосы қызу талқыға түсті. TikTok-та тараған ролик қысқа уақытта кеңінен тарап, түрлі мысқыл мен салыстыруға себеп болды.

Кадрларда арнайы киімдегі адамдар қар басқан учаскеде екі вагоннан тұратын құрамды арқанмен тартып бара жатқаны көрінеді. Желі қолданушылары бұл көріністің себебін болжап, елордадағы жеңіл рельсті көліктің болашағына күмән келтірген пікірлер жазды.

Алайда City Transportation Systems компаниясы бұл жағдайдың техникалық ақауға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Олардың түсіндіруінше, видео іске қосу-реттеу жұмыстарының бір кезеңін көрсетеді.

«Бұл — вагондарды рельске орнатқаннан кейін біріктіру сәті. Осындай кезеңде вагондардың дәл түйісуі үшін олардың орнын қолмен түзетуге рұқсат беріледі. Барлық жұмыс қауіпсіздік талаптарына сай жүргізіледі. Бұл — рельсті көлікті іске қосу алдындағы қалыпты тәжірибе», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Осылайша, компания өкілдері видеода ерекше жағдай емес, жүйені іске қосуға дайындық барысындағы стандартты процесс бейнеленгенін атап өтті. Еске салайық, Астанада LRT жобасын іске қосу осы көктемге жоспарланған. Болжамды жол ақысы — 200 теңге.

Материал авторы