420

Шахтинскідегі жарылысқа қатысы бар күдікті ұсталды

Жарылыстан зардап шеккен сегіз адам ауруханаға жеткізілді.

Шахтинскідегі жарылысқа қатысы бар күдікті ұсталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Шахтинск қаласында тұрғын үйде болған газ жарылысына қатысты тергеу басталып, күдікті ұсталды. Полиция 40 жастағы ер адамды қамауға алғанын хабарлады.

Оқиға көпқабатты үйлердің бірінде тіркелген. Тұрмыстық газ баллоны жарылып, артынша пәтер ішіндегі жиһаз бен тұрмыстық заттар отқа оранған. Өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін небәрі 4 минутта жетіп, жедел эвакуация жұмыстарын жүргізген. Жоғарғы қабаттардан бес адам баспалдақ арқылы сыртқа шығарылды.

Құтқарушылар келгенге дейін тұрғындардың бір бөлігін полиция эвакуациялаған, ал қалғандары өз бетімен шыққан. Оқиға орнында адамдарды уақытша орналастыру үшін жылыту пункті ұйымдастырылып, арнайы көлік арқылы қауіпсіз жерге жеткізілген.

Жарылыс салдарынан сегіз адам зардап шекті. Олардың бесеуі – полиция қызметкерлері. Барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.

Жалпы аумағы 40 шаршы метрді қамтыған өрт толық сөндірілді. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, себептері анықталуда.

Полиция мәліметінше, бөтеннің мүлкін қасақана жоюға әкелген өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті қазір Шахтинск қалалық ауруханасында арнайы палатада күзетпен жатыр. Денсаулығы түзелгеннен кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалады.

Тергеу жалғасып жатыр.

Материал авторы