Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жасады
«Таза Қазақстан» жаңа кезеңге өтті дейді президент.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» орай қазақстандықтарға үндеу жасап, ел көлемінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңі басталғанын жариялады.
Президент бұл күннің Наурызнама аясында ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамның жаңғыруы табиғаттың жаңаруымен қатар жүріп, азаматтарды ел игілігі үшін белсенді еңбек етуге ынталандырады.
Ел аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасы кеңінен қолға алынып жатыр. Жоба аясында бұлақ көздерін ашу, ағаш отырғызу, өзен-көл жағалауларын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Мемлекет басшысы Наурыз кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясында табиғатты қорғау ұлттық дүниетанымның маңызды қағидаты ретінде бекітілгенін еске салды. Оның айтуынша, бұл құжат ел бірлігін нығайтып, рухани және құқықтық бағдарды айқындайды.
Президент «Таза Қазақстан» бастамасының мәні тек қоршаған ортаны тазалаумен шектелмейтінін атап өтті. Бұл – азаматтардың ниеті мен санасының тазалығына, жауапкершілік пен отаншылдыққа негізделген тұтас идеологиялық бағыт.
Сондай-ақ Тоқаев қазақстандықтарды тазалық мәдениетін қалыптастыруға және ортақ іске белсенді қатысуға шақырды.
— Баршаңызды Тазару күнімен құттықтаймын! Табиғатты ұқыпты пайдалану мен саналы тұтыну – болашақтың кепілі. Бірігіп әрекет етсек, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды бірге құрамыз, — деді президент.
Материал авторы