Әл-Фарабидегі апат: «Көше жарысына» полиция көлігі қатысқан ба?
Депутат Мұрат Әбенов ресми жауап беруді талап етті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына қатысты жаңа күмәндер пайда болды. Заңгер Молдахан Әділетхан әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбада жол-көлік оқиғасына қатысқан көліктердің бірі полицияға тиесілі болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, апатқа дейін бірнеше көлік жоғары жылдамдықпен жарыс ұйымдастырған. Солардың қатарында полиция департаменті басшылығы пайдаланатын қызметтік көлік болғаны айтылды. Заңгер қызметтік көліктердің демалыс күндері жеке мақсатта қолданылмауы тиіс екенін атап өтіп, мұндай әрекеттерге ешкімнің құқығы жоқ екенін мәлімдеді.
Бұл мәселеге Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те назар аударды. Ол әлеуметтік желіде жазба жариялап, Әл-Фарабидегі жарысқа жоғары лауазымды полиция қызметкері қатысы болуы мүмкін деген күдік барын айтты. Депутат Ішкі істер министрлігінен ресми түсініктеме беруді талап етті.
Кейін Әбенов ІІМ тарапынан шаралар күшейтілгенін хабарлады. Оның мәліметінше, апаттан кейін Алматыда арнайы рейдтер басталған. Соңғы үш күнде жол қозғалысы ережесін бұзудың 5 мыңнан астам дерегі анықталған.
Соның ішінде:
43 жүргізуші мас күйінде ұсталған;
369 адам көлікті құжатсыз басқарған;
94 автокөлік айыптұрағына қойылған;
2 мыңнан астам жылдамдық асыру фактісі тіркелген.
Сондай-ақ, бір жүргізушінің Әл-Фараби даңғылында көлікті сағатына 250 шақырымға дейін үдеткені анықталған. Ол 10 тәулікке қамауға алынды.
Полиция мәліметінше, кей жүргізушілер жол ережесін әдейі бұзып, оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялайды. Алайда әрбір мұндай дерек тексеріліп, құқық бұзушылар жауапқа тартылады.
ІІМ азаматтарды жолда сақ болуға шақырып, қауіпті жүргізу адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін ескертті.
Еске салайық, 21 наурыз күні Әл-Фараби даңғылында Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, Mercedes-пен соқтығысқан. Салдарынан 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы оқиға орнында қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr жүргізушісі басқа көлікпен жарыс ұйымдастырған болуы мүмкін. 32 жастағы жүргізуші аман қалып, қазір ауруханада полиция бақылауында жатыр. Оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Материал авторы