441

Мишустин Қазақстандағы реформаларды қолдайтынын мәлімдеді

Ресей үкіметі Тоқаевтың саяси бағытын жоғары бағалады.

Мишустин Қазақстандағы реформаларды қолдайтынын мәлімдеді
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Қазақстандағы реформаларға қолдау білдіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын жоғары бағалады.

Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Мемлекет басшысына жылы қабылдау үшін алғыс айтты. Бұл туралы Ақордаға жазды.

Кездесу барысында Мишустин Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Оның айтуынша, бұл саяси қадам ел азаматтарының президент жүргізіп отырған реформалар бағытын қолдайтынын көрсетті.

«Референдум Қазақстан Президентінің тиімді мемлекет құру, экономиканы дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатына жалпыұлттық қолдау бар екенін дәлелдеді», – деді Ресей үкіметінің басшысы.

Мишустин сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізіп, екіжақты қатынастардың күн тәртібі мен алдағы сапар мәселелері талқыланғанын айтты.

«Жақында біз Владимир Владимирович Путинмен екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын және оның мамыр айында Қазақстанға жоспарланған сапарын жан-жақты талқыладық. Үкімет бұл сапардың нәтижелі өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», – деп атап өтті ол.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинді қабылдағаны хабарланған болатын.

Материал авторы