Семей колониясындағы жанжал адам өлімімен аяқталды
Колонияда болған төбелес кісі өлтіру ретінде танылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде колония ішінде болған жанжал адам өлімімен аяқталып, сот үкімі шықты. Айыпталушы 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Абай облысында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот колония аумағында жасалған қасақана кісі өлтіру ісін қарады. Айыпталушы Л. №20 мекемеде жазасын өтеп жатқан.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың сәуірінде санитарлық-тұрмыстық бөлмеде Л. мен У. арасында жанжал туындаған. Екі тарап бір-бірін балағаттап, кейін төбелеске ұласқан.
Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай: «Жанжал барысында жәбірленуші Л.-ға жұдырық жұмсап, оны жерге құлатқан. Бұған жауап ретінде Л. ағаш швабра алып, қарсыласын соққыға жыққан. Оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін У. есін жимастан мекеменің медпунктінде көз жұмды».
Күдіктінің қылмысқа қатысы анықталғанымен, ол өз кінәсін мойындамаған. Соған қарамастан, сот оның әрекетін қасақана кісі өлтіру деп саралады.
Айта кетерлігі, Л. мен У. екеуі де мінез-құлқы қақтығысқа бейім ретінде арнайы есепте тұрған.
Сот үкімімен Л. бұрынғы жазасының өтелмеген бөлігін ескере отырып, 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Материал авторы