637

«9-сынып оқушысы зорлады»: Түркістанда ана 6 жасар қызы үшін әділдік сұрап жүр

Бала үйіне жылап, киімі жыртылған күйде келген.

«9-сынып оқушысы зорлады»: Түркістанда ана 6 жасар қызы үшін әділдік сұрап жүр
Информбюро бағдарламасы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының Отырар ауданында 6 жастағы қызға қатысты оқиға бойынша ата-анасы бір айдан бері нәтиже күтуде. Олардың айтуынша, ауылдағы 9-сынып оқушысы бүлдіршінге тиіспек болып, зорлық сипатындағы әрекетке барған.

Анасының сөзінше, оқиға ауыл маңындағы жыңғыл арасында болған. Сабақтан кешіккен қыз үйіне жылап, киімі жыртылған күйде оралған. Ол өзіне жоғары сынып оқушысы тиіскенін айтып, көмек сұраған.

Жәбірленушінің анасы: «Оқиғадан кейін қызымды бірден Түркістанға апарып, дәрігерге көрсеттім. Гинеколог зорлық әрекетіне талпыныс болғанын айтты, бірақ денесіне ауыр зақым келмеген. Кейін бұл қорытындыны жазбаша беруді сұрағанда, мамандар бас тартты. Сол жерде "102"-ге хабарласып, іс қозғаттық», – дейді.

Алайда ата-ананың айтуынша, содан бері тергеуде ілгерілеу жоқ. Күдікті қамауға алынбаған. Бұған қоса, мектеп әкімшілігі тарапынан қысым болғанын айтады. Екі аптадан кейін баланы сабаққа жіберуді талап еткен. Қауіпсіздікке алаңдаған ата-ана қызын мектепке жібермей отырғанын жеткізді.

Жәбірленуші тарап сараптама уақытында жүргізілмегеніне де наразылық білдірді.

Ал Түркістан облыстық полиция департаменті бұл іс бойынша тексеріс жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ведомство дерегінше, сот-медициналық сараптама нәтижесінде қыздың денесінде зақым анықталмаған.

Полиция мәлімдемесінде: «Алғашқы тергеу нәтижесінде кәмелетке толмаған қызға қатысты заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ. Дегенмен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады», – делінген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор