«Мұсылмандардың мейрамы емес»: Наурызға қарсы видео түсірген ер адам ұсталды
Алматы облысында даулы мәлімдеме жасаған ер адам қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының полициясы әлеуметтік желіде Наурыз мерекесіне қарсы пікір білдірген видео авторын ұстады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол діни алауыздықты қоздырды деген күдікке ілінген.
Желіде тараған видеода ер адам қазақтарда Наурыз мейрамы болмағанын айтып, оны «парсылардан келген» деп сипаттайды. Сондай-ақ, өзін мұсылман санайтын адамдарға бұл мерекені атап өтуге болмайтынын мәлімдеген.
ІІМ дерегінше: «23 наурыз күні әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында TikTok-та жарияланған бейнематериал анықталды. Онда Наурыз мерекесіне қатысты діни және этномәдени сипаттағы мәлімдемелер айтылған. Жедел шаралар нәтижесінде 1991 жылы туған азамат анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігіне сәйкес, діни алауыздықты қоздыру – әсіресе қоғамдық пікірге ықпал ете алатын тұлғалар тарапынан жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Материал авторы