378

Перизат Қайраттың 79 млн теңгелік көлігі аукционға шығарылды

Қымбат көлік электронды сауда алаңында 7 сәуірде сатылымға қойылады.

Перизат Қайраттың 79 млн теңгелік көлігі аукционға шығарылды
sauda.e-qazyna.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Елордада Перизат Қайраттан тәркіленген мүліктің бірі – қымбат автокөлік электронды сауда алаңына қойылды. Сауда 7 сәуірге жоспарланған.

Лот құжаттарына сәйкес, әңгіме MERCEDES-BENZ S450 көлігі туралы. Оның бағалау құны 79 415 000 теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар хабарландыруда бұл мүлік мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына да берілуі мүмкін екені айтылған. Тіпті, сауда бір ғана қатысушымен өтуіне рұқсат қарастырылған.

Алайда көлікті құқық қорғау органдарына, арнайы мемлекеттік құрылымдарға, сондай-ақ президент қызметін қамтамасыз ететін мекемелерге, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарына беру мүмкін емес екені нақты көрсетілген.

Көлік 2024 жылы шығарылған, қара түсті. Мемлекеттік нөмірі – 777KPK01. Бұл нөмір бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі жариялаған видеода көрсетілген автокөлікпен сәйкес келеді.

Сипаттамада көлікте Pandora дабыл жүйесі бар кілт болғанымен, аккумуляторының разрядталып қалғаны жазылған. Осыған байланысты техникалық жағдайын толық тексеру мүмкін емес.

Қазіргі таңда көлікке тыйым салынған. Ол Астанада тұр, ал сатушы – қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.

Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған шамамен 2 млрд теңгені мақсатсыз жұмсады деген айып тағылған.

Айыпталушы бұл айыптарды мойындамаған. Сот барысында эмоциясын жасыра алмағаны да айтылды.

Прокурорлар жарыссөз кезінде оның анасының телефонынан ақша қозғалысына қатысты жазбалар табылғанын мәлімдеді. Тергеу нұсқасы бойынша, онда қаражаттың қайда жұмсалғаны көрсетілген.

25 шілдеде сот үкімі шығып, Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы да кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды және мүлкі тәркіленді.

Кейін қорғаушы тарап үкімге апелляциялық шағым түсіргенін хабарлаған.

Материал авторы