509

Сот Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйелін 5 жылға бас бостандығынан айырды

Гүлайым Рахмонова көпбалалы ана ретінде жазаны жеңілдетуді сұраған.

Сот Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйелін 5 жылға бас бостандығынан айырды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының соты Шавкат Рахмоновтың бұрынғы әйелі Гүлайым Рахмонованы 2 адамның өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, бірақ жазаның орындалуы 5 жылға кейінге қалдырылды.

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Гүлайым Рахмоноваға қатысты ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық істі қарады. Іс барысында сотталушының кінәсі айғақтармен, сараптамалық қорытындылармен және басқа материалдармен расталды.

Прокурор 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды сұрады. Алайда жәбірленушілер сотталушыны кешіріп, тек пробациялық бақылауды қолдануды өтінді. Сот бұл өтінішті ескеріп, жазаның орындалуын 5 жылға кейінге қалдырды.

Сотталушының 2 жастан 9 жасқа дейінгі 4 баласы бар екені, жазаны ауырлататын басқа мән-жайлар жоқ екені есепке алынды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, апат 2025 жылғы 27 шілдеде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы «Алматы-Екатеринбург» тасжолында орын алған. «Toyota Land Cruiser» автокөлігін басқара алмаған Рахмонова жолдың қарсы бетіне шығып, көлік аударылып, екі жолаушы – оның досы мен әпкесі – ауыр жарақаттардан қаза тапқан.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор