387

Ресейдегі жаппай төбелеске қазақстандықтар қатысқан болуы мүмкін

Әлеуметтік желілерде тараған видеода ондаған адамның қатысуымен болған жаппай төбелес көрсетілген.

Ресейдегі жаппай төбелеске қазақстандықтар қатысқан болуы мүмкін
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдегі жаппай төбелеске қазақстандықтар қатысқан болуы мүмкін деген ақпараттан кейін Сыртқы істер министрлігі жағдайды ерекше бақылауға алды. Бұл туралы Kazinform жазды. 

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі жаппай жанжалға қатысты ресми түсініктеме берді. Кадрларда түнгі уақытта ондаған адамның қатысуымен болған төбелес көрінеді. Сондай-ақ арнайы белгісі бар көліктің бірнеше адамды қағып өткені байқалады.

Желі қолданушылары оқиға Ресейдің «Велесстрой» компаниясына тиесілі нысанда болғанын, ал қатысушылардың арасында Қазақстан азаматтары болуы мүмкін екенін жазған. Бұған дейін тараған тағы бір видеода бірнеше адамның көлікке күштеп отырғызылғаны көрінеді.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы бұл ақпаратты тексеріп жатыр. Алдын ала дерек бойынша, оқиға 26 наурызда Ленинград облысындағы Усть-Луга елді мекенінде болған.

«Оқиғаға қатысушылар Ресейдің құқық қорғау органдары тарапынан ұсталып, мән-жайды анықтау үшін жеткізілді. Ресейдің құзырлы органдарына және компания басшылығына ресми сұраулар жолданды. Дипломаттар Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша ІІМ басқармасымен байланыста. Қазақстан азаматтарының нақты саны мен құқықтық мәртебесі анықталып жатыр. Мәселе министрліктің ерекше бақылауында», – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау және қазақстандықтардың қатысы бар-жоғын нақтылау жұмыстары жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор