Астаналық оқушы қыз Бөрте Гарвардқа оқуға түсті
Бөрте Сайранбекқызы 6-сыныптан бастап арнайы бағдарлама бойынша білім алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Бөрте Сайранбекқызы әлемдегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Harvard University-ге оқуға түсті.
Қазақстандық түлек Бөрте Сайранбекқызы АҚШ-тағы Harvard University университетінің студенті атанды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Бөрте 6-сыныптан бастап Астанадағы республикалық физика-математика мектебінде Advanced Placement бағдарламасы бойынша білім алған. Оқу барысында ол табандылық танытып, білімге тұрақты қызығушылық көрсеткен.
Мектепті тәмамдау қорытындысы бойынша түлек AP International Diploma дипломын иеленген. Ол 10-сыныптан кейін түрлі пәндер бойынша жеті емтихан тапсырып, жоғары нәтиже көрсеткен.
Бөрте үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Сонымен қатар қытай тілін меңгеріп, осы пән бойынша да Advanced Placement емтиханын тапсырған.
Халықаралық деңгейдегі SAT, IELTS, CAE және HSK емтихандарынан жоғары балл жинауы оның академиялық әлеуетін дәлелдеді. Бұдан бөлек, ол ғылыми жобалармен айналысып, халықаралық зерттеу бағдарламасына іріктеуден өтіп, америкалық университет профессорының жетекшілігімен зерттеу жүргізген.
Оқу жылдары ішінде Бөрте біліммен қатар әлеуметтік және шығармашылық бастамаларға да белсенді қатысқан. Өзінің айтуынша, Harvard University-ге түсу – жүйелі дайындықтың, тұрақты мотивацияның және сапалы білім беру ортасының нәтижесі.
Материал авторы