Көкшетауда 80 адамды алдаған әйел 40 млн теңгені иемденген
Ұлыбританияға жұмысқа жіберемін деген алаяқ әшкереленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда шетелге жұмысқа орналастырамын деп уәде берген әйел 80-ге жуық адамды алдап, небәрі 40 млн теңгені иемденген.
Ақмола облысында Ұлыбританияға жұмысқа жіберемін деген желеумен жасалған алаяқтық схемасы әшкереленді. Қылмыстық істі Көкшетау қаласының полициясы тергеп жатыр.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2023 жылдан 2026 жылдың қаңтарына дейін Instagram әлеуметтік желісі арқылы азаматтарға шетелде жұмысқа орналасуға көмектесетінін ұсынып келген. Ол виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру, биометриялық тексерулер және басқа да қызметтерді сылтау етіп, алдын ала ақша алған.
Алайда іс жүзінде ешқандай жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілмеген. Қаражат азаматтардан банк аударымдары арқылы да, қолма-қол түрде де жиналған.
Қазіргі таңда іс бойынша шамамен 80 адам жәбірленуші деп танылды. Келтірілген жалпы шығын 40 млн теңгеге жуық. Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Полиция азаматтарды шетелде жұмыс іздегенде сақ болуға шақырды. Әсіресе «кепілді жұмыс» үшін алдын ала ірі төлем талап ету, делдалдың ресми тіркеуі мен лицензиясының болмауы, құжаттарды «арадағы адам» арқылы рәсімдеу ұсынысы, тек әлеуметтік желілер арқылы байланыс орнату және шешімді жедел қабылдауға қысым жасау – алаяқтықтың негізгі белгілері екені ескертілді.
Материал авторы