Ресейдегі жаппай төбелеске қазақстандықтар қатысқаны расталды
Ресей полициясы жанжалға қатысушыларды ұстап, жағдайды бақылауға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Усть-Луга портында болған жаппай төбелеске қазақстандық жұмысшылар да қатысқан. Сыртқы істер министрлігі оқиғаның мән-жайын ашып, жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.
Ленинград облысындағы Усть-Луга кентінің портында жұмысшылар арасында жаппай жанжал шықты. Оқиға «Велестрой» компаниясының нысанында болған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі төбелеске қазақстандық азаматтардың да қатысқанын растады. Ресей полициясы жанжалға қатысушыларды ұстап, жағдайды тұрақтандырған.
Ведомство мәліметінше, қазақстандықтар арасында ауыр жарақат алғандар жоқ, ешкім ауруханаға жатқызылмаған. Министрлік бұл оқиғаны тұрмыстық жанжал ретінде бағалап отыр.
Оқиға орнына Қазақстанның бас консулы барып, азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, барлық мән-жайды нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Материал авторы