Алматыда зейнеткер алаяқтарға сеніп, пәтерінен айырылды
Алаяқтар өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткердің сеніміне кірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 71 жастағы зейнеткер алаяқтардың арбауына түсіп, 20 млн теңгесінен және өз пәтерінен айырылды. Қазір ол баспанасынан қуылып қалу қаупімен бетпе-бет отыр.
Алматыда зейнеткер әйел күрделі алаяқтық схемасының құрбанына айналды. Өзін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар оның сеніміне кіріп, ірі көлемдегі қаржысын және жалғыз баспанасын иемденген.
Жаннат Қошикованың айтуынша, бәрі бұрынғы әріптесінен келген хабарламадан басталған. Кейін оған өзін «заңгер» деп таныстырған адам хабарласып, артынша «ІІМ қызметкерімін» деген тағы біреу байланысқа шыққан.
«Маған “ІІМ подполковнигімін” деп хабарласты. “Жинақтарыңыз қауіпте, жоғалтып алуыңыз мүмкін. Сондықтан бізбен жұмыс істеуіңіз керек, қаражатыңызды цифрлық банкке аударамыз” деді. Белгілі бір шоттарды беріп отырды. Соның бәрін өз қолыммен аудардым», – дейді жәбірленуші.
Алаяқтарға сенген әйел барлық жинағын – шамамен 20 млн теңгені – көрсетілген шоттарға аударып, олардың айтуымен несие де рәсімдеген.
Бірақ мұнымен тоқтамаған күдіктілер кейін оны пәтерін сатуға көндірген. Әйелдің айтуынша, олар «пәтеріңіз алаяқтардың нысанасына айналды» деп сендіріп, мүлікті шұғыл сатуды талап еткен.
«Маған “пәтеріңізді алаяқтар сатып жіберді, енді өзіңіз тез сатуыңыз керек, ақшаны инкассаторға бересіз, кейін бәрі қайта рәсімделеді” деді», – дейді ол.
Келісімді рәсімдеу үшін оған риелтор мен нотариус та табылған. Пәтер 45 млн теңгеге сатылып, ақша белгісіз «инкассаторға» берілген.
Алайда кейін алаяқтар тағы ақша талап ете бастаған. Сол кезде ғана зейнеткер туыстарына жүгініп, шындық ашылған.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Ал пәтердің жаңа иесі баспананы босатуды талап етіп, сотқа жүгінген. Сатып алушы да бұл жағдайдан шығынға батқанын айтып отыр.
Жәбірленушінің қорғаушысы зейнеткерді жылыту маусымында көшіру заңға қайшы екенін алға тартты. Оның сөзінше, сот пәтерді сату келісімін жарамсыз деп танудан бас тартқан, енді бұл шешімге шағым түсірілмек.
Қылмыстық іс аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша қозғалды. Күдіктілерге 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Материал авторы