Қостанайда жоғалған 17 жастағы студент өлі күйінде табылды
Бір апта ізделген студенттің денесі өзен маңынан шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда бірнеше күн бойы із-түзсіз кеткен 17 жастағы студент өлі күйінде табылды. Жасөспірімнің мәйіті Тобыл өзені маңынан анықталған.
Қостанайда 19 наурыздан бері іздестіріліп жатқан 17 жастағы Владимир Орелдің денесі табылды. Қайғылы хабарды алғаш болып еріктілер жариялап, кейін оны полиция растады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жасөспірімнің денесі Гагарин бөгетіне жақын қамыс арасынан табылған. Алдын ала дерек бойынша, мәйітте зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Аталған факті бойынша кәмелетке толмағанның жоғалуына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция өкілдері тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәлімет таратпауға шақырды.
Владимир Орелдің жоғалғаны туралы ақпарат 19 наурызда тараған. Куәгерлер оның жатақханадан шыққанын көрген, содан кейін байланыс үзілген.
Жоғалу дерегі бойынша бірден қылмыстық іс тіркеліп, іздестіру жұмыстары басталған еді. Алайда іздеу жұмыстары қайғылы нәтижемен аяқталды.
Материал авторы