322

Алматы тауларында адасқан бес жасөспірім құтқарылды

Астма ұстамасы бар жасөспірім қарда жүретін техникамен эвакуацияланды.

Алматы тауларында адасқан бес жасөспірім құтқарылды
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы тауларында адасып кеткен бес жасөспірім құтқарылды. Олардың бірі астма ұстамасына байланысты шұғыл эвакуацияланды.

Алматы тауларында байланысқа шықпай қалған бес жасөспірім құтқарушылардың көмегімен табылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Жоғалғандар туралы белгі «112» нөміріне жасөспірімдердің бірінің әкесі арқылы түскен. Оның айтуынша, 2009 жылы туған балалар тобы Кумбель шыңына көтеріліп, кейін шамамен 3000 метр биіктіктегі «Үш ағайынды» шыңы маңына түскен. Қайтар жолда олармен байланыс үзіліп кеткен.

Алаңдаушылықты күшейткен жайт – топтағы жасөспірімдердің бірі бронхиалды астмамен ауырады.

Құтқарушылар жедел әрекет етіп, бір сағат ішінде топпен көзбен байланыс орнатқан. Арадағы қашықтық шамамен 1,5 шақырым болған.

Министрлік мәліметінше, «ауруы асқынған жасөспірім қарда жүретін техникамен эвакуацияланып, шұғыл медициналық көмек бригадасына тапсырылды». Қалған төрт бала құтқарушылардың сүйемелдеуімен жаяу түрде Көкжайлау бағытына түсіріліп, кейін қалаға жеткізілген.

Зардап шеккен жасөспірімге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, оның ішінде ингаляция жасалған. Қазір барлық балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. 

Материал авторы