ШҚО-да баланың өліміне себеп болған инженер сотталды
Тасжолдағы топырақ үйінділері ескерту белгілерінсіз қалдырылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстанда жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген инженер сотталды. Оның салғырттығы салдарынан алты жастағы бала жол апатында қаза тапты.
Шығыс Қазақстан облысында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша сот үкімі шықты. Қайғылы жағдайға жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жол-құрылыс компаниясының бас инженері кінәлі деп танылды.
Тергеу мәліметінше, 53 жастағы инженер жөндеу жұмыстары жүргізілген учаскеде қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген. Атап айтқанда, жолдың үстінде қалған топырақ үйінділері туралы ескерту белгілері қойылмаған.
Жол апаты 2025 жылғы 31 қазанда Күршім – Қалжыр – Ақсуат тасжолының 37-шақырымында болған. Көлікті басқарған 37 жастағы жүргізуші кедергіні байқамай, соқтығысқан. Салдарынан оның 2019 жылы туған ұлы оқиға орнында көз жұмды, ал 2017 жылғы қызы түрлі жарақат алған.
Іс үш айға жуық тергеліп, 2026 жылдың қаңтарында сотқа жолданған. Наурызда сот шешімі жарияланып, инженер көлік қауіпсіздігі ережелерін бұзу арқылы абайсызда адам өліміне себепкер болды деп танылды.
Полиция мәліметінше, «айыпталушы жол үстіндегі қауіпті топырақ үйіндісін білгенімен, тиісті ескерту белгілерін орнатуды қамтамасыз етпеген».
Сот үкімімен ол бас бостандығынан айырылып, бір жыл мерзімге жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Материал авторы