586

Тоқалын шәкіртіне сыйлаған имам айыппұл арқалады

Имам заңға қайшы сөздері үшін жазаланды.

Тоқалын шәкіртіне сыйлаған имам айыппұл арқалады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде резонанс тудырған сұхбаттан кейін өзін «имам» ретінде таныстырған Құрбанәлі Ахметке айыппұл салынды. Оның мәлімдемелері заңға қайшы деп танылды.

Өзін діни қызметкер ретінде таныстырған Құрбанәлі Ахметке қатысты Алматы қаласында тексеріс жүргізіліп, әкімшілік жаза қолданылды. Бұған оның сұхбатта айтқан даулы пікірлері себеп болған.

Ахмет журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында екінші әйелін қайын атасы «сыйлағанын» айтқан. Сондай-ақ, екінші рет үйленерде алғашқы жұбайының келісімін алмағанын да ашық мәлімдеген.

Кейін оның екінші әйелімен арада келіспеушілік туындап, әйел ажырасуды талап еткен. Осы кезде ол әйеліне шәкірттерінің бірін таңдауды ұсынып, соған тұрмысқа беретінін айтқан. Нәтижесінде, әйел оның шәкірттерінің біріне тұрмысқа шыққан.

Бұл мәлімдемелер қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан қатты сынға ұшырады. Көпшілік мұндай көзқарас дәстүрге де, дінге де қайшы екенін жазды.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, тексеріс барысында сұхбатта Қазақстан заңнамасына қайшы келетін мәлімдемелер айтылғаны анықталған.

«Тексеру кезінде сұхбатта әйелді өзге адамға беру секілді заңға қайшы пікірлер айтылғаны белгілі болды. Мұндай мәлімдемелер қоғамдық санаға және конфессияаралық келісімге кері әсер етуі мүмкін», – делінген ресми хабарламада.

Нәтижесінде Құрбанәлі Ахмет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар оның ресми діни өкіл емес екені анықталды.

Бұдан бөлек, заң талаптарына сәйкес, құқықбұзушылық белгілері бар материалдарды тарату да жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Осыған байланысты сұхбат авторы да әкімшілік жазаға тартылған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор