336

Ресейдегі жанжалдан кейін қазақстандықтар 10 тәулікке қамалды

Алғашында жүздеген адам қатысқан оқиғада ондаған шетелдік азамат ұсталған.

Ресейдегі жанжалдан кейін қазақстандықтар 10 тәулікке қамалды
ҚР СІМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 28 наурызда Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығының өкілдері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін отандастармен кездесті. Олардың арасында тұрмыстық жанжалдан кейін ұсталған азаматтар да бар.

Алғашында жанжалға бірнеше жүз адам қатысқаны анықталған. Оқиғадан кейін бірден әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Кейін алғашқы тергеу амалдарының нәтижесінде олардың басым бөлігі босатылған.

Соған қарамастан, бірқатар азаматтарға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 10 тәулікке қамау жазасы тағайындалды. Тағы үш қазақстандыққа қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Ресми мәліметке сәйкес, қазақстандықтар арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж адамдар жоқ. Барлық азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде.

Сонымен қатар, оқиға болған вахталық кентте жұмысшылар, учаске прорабтары, Ресейдің құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания және күзет қызметі өкілдерінің қатысуымен арнайы кездесу өтті. Жиында жағдай жан-жақты талқыланып, мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу шаралары қарастырылды.

Қазіргі таңда кенттегі ахуал тұрақталған. Дегенмен, жанжалға қатысқан барлық тараптарға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Айта кетейік, Усть-Луга — шамамен 15 мың адам тұратын ірі вахталық кент. Мұнда Ресейдегі ең ірі экспорттық порттардың бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың жұмысшылары шоғырланған.

Материал авторы