571

«Екі жыл бойы қысым көрді»: Атыраудағы BINOM мектебінде күдікті балаға буллинг жасаған

8-сынып оқитын қызды пышақтаған 9-сынып оқушысының анасы ұлының жылдар бойы қысым көріп келгенін айтты.

«Екі жыл бойы қысым көрді»: Атыраудағы BINOM мектебінде күдікті балаға буллинг жасаған
azh.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраудағы Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған шабуылдан кейін іс бойынша ұсталған 9-сынып оқушысының анасы ұлы бірнеше жыл бойы сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге жасалған шағымдар нақты нәтиже бермеген.

Оқиға 13 наурыз күні тіркелді. 9-сынып оқушысы 8-сыныптағы қызға өткір затпен шабуыл жасаған. Жәбірленуші мойын, кеуде және қол тұсынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Кейін реанимациядан хирургия бөліміне ауыстырылып, жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды — «адам өлтіруге оқталу».

Күдіктінің анасының сөзінше, ұлы бұрын жақсы оқыған, әсіресе гуманитарлық пәндерге қызығушылығы жоғары болған. 2023 жылы 6-сыныптан кейін оны ҚТЛ-ға түсіруге әрекет жасалғанымен, нәтиже шықпаған. Осыдан кейін ата-анасы оны BINOM мектебіне ауыстырып, сапалы білімге үміт артқан.

Алайда уақыт өте келе баланың мінез-құлқы өзгере бастаған. Алғашында мұны жасөспірімдік кезеңмен немесе лицейге түсе алмаған күйзелісімен байланыстырған. Кейін ол сыныптас қыздардың қысым көрсететінін айта бастаған.

Анасының айтуынша, алғашқы ірі келіспеушіліктер 7-сыныпта басталған. Бір оқушы баланы TikTok-тағы видеолар арқылы келемеждеп, кейін оған басқа қыздар қосылған. Олар оның сырт келбетін, жүріс-тұрысын талқылап, мазаққа айналдырған.

Уақыт өте бұл әрекеттер жүйелі сипат алған. Жасөспірімнің сыртқы бейнесі, жүріс мәнері және жасқа тән тері мәселелері де келеке нысанына айналған.

Анасы кейбір мұғалімдер бұл жағдайды көре тұра араласпағанын айтады. Тіпті бір ұстаздың өзі оқушыны сыныптастарымен бірдей сөзбен атағанын алға тартты. Бұл жағдай баланың психологиялық күйіне қатты әсер еткен.

Соңғы айларда жасөспірімнің жағдайы күрт нашарлаған. Қаңтардан бастап ол жиі ішінің ауыратынын айтып, сабаққа кешіге бастаған. Ата-анасы бірнеше рет мектепке шақырылған. Бірақ оқушы өзінің жағдайын сыныптастардың қысымымен байланыстырған.

Өткен жылдың желтоқсанында сынып жетекшісімен болған әңгімеде мұғалім баланың сыныптағы қыздардың қасында отырғысы келмейтінін жеткізген. Анасының пікірінше, бұл оның ішкі күйзелісінің белгісі болғанымен, жағдайға тиісті мән берілмеген.

Отбасы баланы басқа сыныпқа немесе мектепке ауыстыруды қарастырған. Алайда жасөспірім өзі оқып жатқан жерінде қалғысы келген.

Ата-анасы нақты шешім қабылдап үлгермей тұрып, қазір тергеліп жатқан оқиға орын алды.

Қазіргі уақытта барлық мән-жай қылмыстық іс аясында анықталып жатыр. 9-сынып оқушысы тергеу изоляторына қамалған. 

Материал авторы