Есіктегі жаппай төбелес кезінде полиция ескерту ретінде оқ атты (ВИДЕО)
Жаппай қақтығысқа қатысқан күдіктілер қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Есік қаласында бірнеше ер адам қатысқан жаппай жанжал тіркелді. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жағдайды бақылауға алу үшін аспанға ескерту ретінде оқ атуға мәжбүр болған.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлер жанжал кезінде атыс дауыстары естілгенін айтқан.
Полицияның мәліметінше, құқыққа қайшы әрекеттер 28 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданы аумағында болған. Аталған дерек бойынша бірден екі қылмыстық іс қозғалды — бұзақылық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету фактілері бойынша.
Қазіргі уақытта жеті адам күдікті ретінде танылып отыр. Олардың барлығы анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Құқық қорғау органдарының түсіндіруінше, оқ ату фактісі полиция тарапынан жасалған және ол тек ескерту сипатында болған. Бұл әрекет қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу үшін қолданылған.
Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Тергеу амалдарын Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы жүргізуде. Бұл іс облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауына алынған.
Материал авторы