Алматыда мас ер адам жедел жәрдем дәрігерлеріне пышақпен шабуыл жасады (ВИДЕО)
Алматыда шақыртуға барған жедел жәрдем қызметкерлері науқастың үйінде шабуылға ұшырады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда шақыртуға барған жедел жәрдем қызметкерлері қауіпті жағдайға тап болды. Оқиға 29 наурыз күні Жетісу ауданында тіркелген.
Дәрігер мен фельдшер науқастың үйіне келген сәтте, оның мас күйдегі ұлы агрессия танытып, пышақпен қорқыта бастаған. Қауіптенген медицина қызметкерлері өздерін қорғау үшін бөлмеге бекініп, диспетчерге хабар берген. Олар полиция келгенге дейін пәтер ішінде қамалып отырған.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары шабуыл жасаған ер адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция мәліметінше, күдікті мас күйінде болып, айналасындағыларға қауіп төндіретін әрекеттер жасаған. Құқық қорғау органдары жедел қызмет өкілдеріне қарсы кез келген агрессия заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Айта кетейік, 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне күш көрсету немесе қоқан-лоқы жасау үшін жазаны қатаңдататын заң нормалары күшіне енген.
Материал авторы