142

Теңіз кен орнында дрон шабуылына қарсы жаттығулар пысықталып жатыр

Теңіздегі мұнай инфрақұрылымы жаңа қауіпке дайындалып жатыр.

Теңіз кен орнында дрон шабуылына қарсы жаттығулар пысықталып жатыр
Petrocouncil.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында стратегиялық маңызы бар мұнай-газ нысандарының қауіпсіздігі күшейтілді. Халықаралық жағдайдың өзгеруіне байланысты әскерилер Теңіз кен орнын ұшқышсыз ұшу аппараттарының ықтимал шабуылынан қорғау сценарийлерін пысықтап жатыр.

Әлеуметтік желілерде Қорғаныс министрлігіне қарасты арнайы техникалар колоннасының батыс өңірдегі өндірістік алаңдарға бағыт алғаны түсірілген кадрлар тарады. Кейін бұл күштердің жылжуы ауқымды әскери оқу-жаттығулармен байланысты екені белгілі болды.

Қолда бар мәліметке сәйкес, Теңіздегі оқу-жаттығулардың негізгі мақсаты – дрондар тарапынан туындайтын қауіп-қатерге қарсы әрекет ету тәсілдерін пысықтау.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары ұшқышсыз технологиялар соғыс тактикасын түбегейлі өзгерткен. Бұрын тек алғы шепке тән қауіп саналса, енді мұндай қатер терең тылдағы стратегиялық нысандарға да қатысты бола бастады.

Оқу-жаттығу барысында әуе қорғанысы жүйелерінің жедел әрекеті, радиоэлектрондық күрес құралдарының тиімділігі және түрлі ведомстволардың өзара іс-қимылы тексерілуде. Әзірге оқу-жаттығудың қашан аяқталатыны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, Теңіз кен орны – Қазақстандағы ең ірі мұнай жобаларының бірі және елдің экспорттық кірісінің елеулі бөлігін қамтамасыз етеді.

Материал авторы