284

Атыраудағы оқушыны пышақтау ісі: BINOM мектебі буллинг туралы мәлімдемеге жауап берді

9-сынып оқушысы 8-сыныптағы қызды пышақтаған еді.

Атыраудағы оқушыны пышақтау ісі: BINOM мектебі буллинг туралы мәлімдемеге жауап берді
azh.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атыраудағы Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебі оқушыға жасалған шабуылға буллинг себеп болды деген болжамға қатысты ресми түсініктеме берді.

Еске салсақ, 13 наурыз күні 9-сынып оқушысы 8-сыныптағы қызға өткір затпен шабуыл жасаған. Салдарынан оқушы қыз мойын, кеуде және қол тұсынан жарақат алған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни «адам өлтіруге оқталу» фактісімен қылмыстық іс қозғалды.

Бұған дейін күдікті жасөспірімнің анасы ұлының бірнеше жыл бойы сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағанын мәлімдеген болатын.

Алайда мектеп әкімшілігі бұл нұсқа әзірге расталмай отырғанын хабарлады. Олардың айтуынша, екі оқушы бұрын таныс болмаған, әртүрлі сыныпта және әртүрлі ауысымда оқыған. Осыған байланысты аталған қыз тарапынан мақсатты түрде қысым көрсетілді деген мәлімет дәлелін таппаған.

Білім ордасы оқиғаның барлық мән-жайы ресми тергеу аясында анықталып жатқанын, ал мектеп уәкілетті органдармен тығыз жұмыс істеп отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ мекемеде буллингтің алдын алу және анықтау жүйесі бар екені, бірақ бұл жағдайда мұндай белгілер тіркелмегені айтылды.

Мектеп өкілдері тергеу аяқталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауға шақырды. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор