«Қанатымнан айырылдым...»: Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның отбасы қара жамалды
Ризабек Айтмұқан қаралы хабарды әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлем чемпионы, еркін күресші Ризабек Айтмұқанның отбасына ауыр қайғы келді.
Балуан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында атасы Жолдасбек Айтмұқанның дүниеден өткенін жариялады.
«Бүгін мен қанатымнан айырылдым. Айтмұқан атамнан айырылдым. Олимпиадада жеңіске жетіп, сол жеңісті сізге арнаймын деп армандаған едім, ата… бірақ үлгермедім. Жақындарыңызды бағалаңыздар, олармен көбірек уақыт өткізіңіздер. Бұл – ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын бақыт. Ата, мен сізді қатты жақсы көремін. Жаныңыз жәннатта болсын», – деп жазды Ризабек.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұқан жақында Ташкенттегі Professional Wrestling League ұйымының PWL 11 турнирінде ресейлік Алихан Кцоевті жеңген еді. Сонымен қатар, биыл Тараз қаласында 15 және 23 жасқа дейінгі балуандар арасында жаңа салмақта да жеңімпаз атанды.
Ризабек Айтмұқан – еркін күрестен Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Ол 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында 92 келі салмақта алтын медаль жеңіп алды. 2024 жылы 20 және 23 жасқа дейінгі жас санатында да әлем чемпионатында топ жарды. 2025 жылдың наурызында Амман қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды.
Материал авторы