453

Атырау облысында полициядан қашқан жүргізуші қамауға алынды

Оқиға кезінде әйел полиция көлігінің жолын бөгеп, олардың әрекетіне кедергі келтірген.

Атырау облысында полициядан қашқан жүргізуші қамауға алынды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында полиция талабын елемей, көлікпен қашуға әрекеттенген 18 жастағы тұрғын 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оқиға 28 наурыз күні Исатай ауданында тіркелді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Lada Priora көлігін басқарған жас жүргізуші полицияның тоқтау туралы заңды талабын орындамай, қашуға тырысқан. Кейін ол ұсталған.

Тексеру барысында оның жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды. Осыған байланысты ол бірден бірнеше бап бойынша — көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізу және полиция қызметкерлерінің заңды әрекетіне кедергі келтіру фактілері бойынша жауапқа тартылды.

Сот шешімімен құқықбұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сонымен қатар, оқиғаға қатысты 57 жастағы әйел де жауапқа тартылды. Ол полиция көлігінің жолын бөгеп, қуу әрекетіне кедергі келтірген. Бейнежазбада оның қақпаны жауып, полиция автокөлігін өткізбеуге тырысқаны көрінеді.

Көлік иесі де жазадан тыс қалмады — ол басқаруды жүргізуші куәлігі жоқ адамға бергені үшін жауапкершілікке тартылды.

Жасөспірім оқитын оқу орнына да профилактикалық шаралар қабылдау туралы ұсыныс жолданған.

Полиция бұл жағдай заң талаптарын елемеу жазасыз қалмайтынын тағы бір мәрте көрсеткенін атап өтті.

Материал авторы