Түркістанда көлік жуу орнындағы кезекке талас кісі өлімімен аяқталды
Қақтығыс кезінде айыпталушылардың бірі пышақ қолданып, оқиға орнында бір адам қаза тапқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында көлік жуу орнындағы болмашы даудан басталған қақтығыс адам өліміне ұласып, сот екі айыпталушыға үкім шығарды. Іс материалдарына сүйенсек, олар топтасып кісі өлтіру және тағы бір адамды өлтіруге оқталу айыптарымен жауапқа тартылған.
Сот дерегінше, оқиға 2025 жылдың 29 қазанында болған. Р. есімді азамат мардымсыз себеппен С.-ны соққыға жыққан. Осыдан кейін жәбірленуші таныстарын шақырған. Көп ұзамай жанжал ушығып, О. пышақ қолданған. Соның салдарынан келген азаматтардың бірі оқиға орнында көз жұмған.
Бұдан кейін О. С.-ға да бірнеше рет пышақ сұғып, ізін суытқан. Ал екінші айыпталушы Қ. оның әрекетіне тосқауыл қоймай, қылмыстың жасалуына жанама түрде ықпал еткен деп танылды.
Сотта О. кінәсін ішінара мойындап, жазаны жеңілдетуді сұраған. Қ. тек бұзақылық бойынша кінәсін мойындап, өзге айыптардан ақтауды талап еткен.
Алайда жәбірленуші тарап айыпталушыларды кешірмейтінін айтып, ең қатаң жаза сұрады. Сот үкімімен О. 20 жылға, Қ. 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар олардан жәбірленушілерге келтірілген моральдық шығын ретінде жалпы 25 млн теңге өндірілетін болды.
Еске салайық, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Куәгерлердің айтуынша, жанжал кезінде ер адамдар дөрекілік танытып, кейін жағдай бақылаудан шығып кеткен. Қақтығыс барысында пышақ қолданылып, жас жігіт жүрек тұсынан ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапқан.
Материал авторы