Таразда әкесінен қолдау көрмеген оқушы әділдікке сотта жетті
Сот оқушы қыздың ауыр материалдық жағдайын ескеріп, талапты толық қанағаттандырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында жеке мектепте оқитын 11-сынып оқушысы әкесінен алимент өндіру үшін сотқа жүгініп, талабын қанағаттандырды. Ай сайынғы оқу ақысы 68 мың теңге болатын қыздың ісі Жоғарғы сот деректерінде жарияланды.
Іс материалдарына сәйкес, 2008 жылы әкесі екі баласына, соның ішінде қызына қатысты ата-ана құқығынан нотариалды түрде бас тартқан.
2018 жылы отбасы ауыр қайғыны бастан кешірген: қыздың анасы мен бауыры қаза тапқан. Содан бері ол әжесінің қолында тұрып келеді. Барлық шығынды, соның ішінде оқу мен тұрмысты, зейнеткер әжесі көтеріп отыр. Әкесі бұл уақыт ішінде ешқандай қаржылай көмек көрсетпеген, байланыстан қашқақтап, тіпті қызы хабарласуға тырысқанда нөмірін бұғаттаған.
Сотқа жүгінген оқушы өзінің материалдық жағдайының ауыр екенін көрсеткен: отбасының табысы тек негізгі қажеттіліктерге ғана жетеді.
Сот барысында әкесі талапты ішінара ғана қанағаттандыруды сұрап, басқа некеден төрт баласы барын және несиелік міндеттемелерін алға тартқан. Алайда сот оның еңбекке қабілетті екенін және бірнеше кәсіптен табыс табатынын анықтады.
Сонымен қатар, ер адамның сот шешімі шығарылар күні жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығуы және бұған дейін тағы төрт балаға әкелік танығаны белгілі болды. Сот бұл әрекеттерді алимент көлемін әдейі азайтуға бағытталған қадам ретінде бағалады.
Нәтижесінде Тараз қалалық соты әкені қызы мектеп бітіргенге дейін ай сайын 17 айлық есептік көрсеткіш (66 844 теңге) көлемінде алимент төлеуге міндеттеді.
Апелляциялық шағым нәтиже бермеді — Жамбыл облыстық соты алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.
Материал авторы