257

Атырауда итті күрекпен аяусыз соққыға жыққан әйелге іс қозғалды

Әлеуметтік желіде тараған видео жануарға қатыгездік фактісін әшкереледі.

Атырауда итті күрекпен аяусыз соққыға жыққан әйелге іс қозғалды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда әлеуметтік желіде тараған видео қоғамда үлкен резонанс тудырып, полиция қатыгездік дерегі бойынша тергеу бастады. Кадрларда белгісіз адамның итті күрекпен ұрып жатқан сәті көрінеді.

Бейне дыбыссыз түсірілгенімен, кадр сыртынан айқай мен былапыт сөздер естіледі. Жазба сипаттамасында ит әйелдің мысығын талап тастағаны айтылып, содан кейін жануарға күш қолданылғаны көрсетілген.

Полиция департаментінің мәліметінше, 31 наурыз күні шамамен 17:30-да жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша хабарлама түскен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары 39 жастағы әйелді анықтаған.

Құқық қорғау органдары келген кезде ол заңды талаптарға бағынбай, қарсылық көрсеткен. Осы әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал жануарға қатыгездік көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ит тәркіленіп, оған ветеринарлық көмек көрсетілді.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Материал авторы