Баян Алагөзова бұрынғы күйеуінің үйленгені туралы қауесетке жауап берді
Бақытбек Есентаев неке қиғаны туралы ақпарат тараған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желілерде тараған бұрынғы жұбайы Бақытбек Есентаевтың жеке өміріне қатысты қауесеттерге пікір білдірді.
Әңгімеге себеп болған — желіде тараған фото. Онда Есентаев жас әйелмен бірге түскен, бұл көпшіліктің «жаңа неке» туралы болжам жасауына түрткі болған.
Qazaq Ordasy-на берген сұхбатында Алагөзова ортақ балаларының әкесімен қарым-қатынасына ешқашан шектеу қоймағанын айтты. Оның сөзінше, қыздары әкесімен байланысын үзбеген және кез келген уақытта еркін сөйлесе алады.
«Мен ешқашан олардың әкесімен араласуына тыйым салған емеспін. Мұндай қарым-қатынасты шектеу — үлкен қателік. Мен әрдайым “оны жақсы көріп, құрметтеңдер, ол — сендердің әкелерің” деп айтып отырамын», — деді продюсер.
Алагөзованың айтуынша, тараған суретке алғашқылардың бірі болып қыздарының бірі назар аударған. Ол ата-анасына хабарласып, мән-жайды анықтаған. Нәтижесінде, бұл фото бірнеше жыл бұрын бір тойда түсірілгені белгілі болған.
Продюсер бұрынғы күйеуінің қайта үйленгені туралы ақпаратты жоққа шығарып, әлеуметтік желілердегі мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, ол бұрынғы жұбайына жеке өмірінде бақыт тілейтінін де жасырмады.
Материал авторы