Өскеменде қыздарды қорғаған жігітке айыппұл салынғаны үшін қоғам наразылық білдірді
Автобуста қыздарға тиіскен қаскөйді тоқтатуға тырысқан жігіт жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде қоғамдық көлікте кәмелетке толмаған қыздарды қорғаған жас жігіттің өзі жауапқа тартылуы қоғамда қызу талқыға түсті. Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін кеңінен талқыланды.
Tengrinews.kz мәліметінше, Олжас есімді жігіт автобуста мас күйдегі ер адамның шамамен 11–12 жастағы екі қызға тиісіп жатқанын байқайды. Алғашында ол мұны кездейсоқ жағдай деп ойлаған. Алайда ер адамның әрекеті жалғасып, қыздарға жақындап, қол тигізе бастағанын көрген. Қорыққан мектеп оқушылары өз аялдамасына жетпей автобустан түсіп кеткен.
Олжас ер адамды тоқтатпақ болып, сөйлесуге шақырған. Бірақ әңгіме тез арада жанжалға ұласқан. Жігіт жанжал барысында бейәдеп сөздер қолданғанын жоққа шығармайды.
Оқиғадан кейін полиция екі тарапты да ұстады. Олжасқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша — қоғамдық орында балағат сөз айтқаны және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін хаттама толтырылды. Сот оған 60 550 теңге көлемінде айыппұл салды. Сотта жігіттің кінәсі бейнежазба, куәгерлердің түсініктемесі және полиция материалдары арқылы дәлелденгені айтылды.
Ал кәмелетке толмағандарға тиісіп, қоғамда наразылық туғызған ер адам сотқа тартылмаған. Полиция департаменті оған тек ӘҚБтК-нің 449-бабы («Қоғамдық орындарда тиісу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын мәлімдеді. Бұл бап бойынша айыппұл небәрі 5 айлық есептік көрсеткішті, яғни 17 250 теңгені құрайды.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызды. Көптеген желі қолданушылары мұндай шешімдер адамдардың қоғамдық орындарда балалар мен әйелдерді қорғауға деген ниетін әлсіретуі мүмкін екенін айтуда. Пікірлерде Олжастың әрекеті қолдау тауып, оны бейжай қалмағаны үшін алғыс айтқандар да көп.
Заңгерлер мұндай жағдайда араласуға болатынын, алайда заң шеңберінен шықпау қажет екенін ескертеді. Мамандардың айтуынша, күш қолдану тек қажетті қорғаныс аясында ғана рұқсат етіледі. Ал қауіп сейілген жағдайда зорлыққа, қорқытуға немесе балағат сөзге жол беруге болмайды.
Сарапшылар мұндай жағдайда ең алдымен полиция шақырып, оқиғаны видеоға түсіріп, айналадағылардың назарын аудару керектігін айтады. Бұл әрі құқық бұзушыны тоқтатуға, әрі өз әрекетіңнің қорғаныс мақсатында болғанын дәлелдеуге мүмкіндік береді.
\
Материал авторы