SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда жүкті әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеу арқылы ірі көлемде қаржы жымқырған бухгалтерге қатысты сот үкімі шықты. Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті тергеген.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті өз кәсіби білімін пайдаланып, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларды заңсыз алу схемасын құрған. Ол Instagram әлеуметтік желісі арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу жөніндегі маман ретінде таныстырып, әйелдерге төлем көлемін көбейтіп беруге уәде еткен.
Схеманы жүзеге асыру үшін ол туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет атқармаған бірнеше жеке кәсіпкер тіркеген. Кейін сол кәсіпкерлер мен тартылған адамдардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, еңбек шарттары және есеп айырысу құжаттарын дайындаған.
Осылайша, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған негіз қалыптастырылып, уәкілетті органдар тарапынан әлеуметтік төлемдер негізсіз жоғары мөлшерде тағайындалған. Кейбір жағдайларда төлем алынған соң бұрын жасалған зейнетақы және әлеуметтік аударымдар кері қайтарылып отырған.
Нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығын көлемі 146 млн теңгеге жеткен.
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынған. Тергеу барысында бұл мүлікке тыйым салынып, кейін мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімімен айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.
RUS