348

Алматыда ұры телефонмен сөйлескендей болып, ұялы телефонды жымқырған

Жәбірленуші полицияға арыз түсіргенімен, күдікті әлі табылмаған.

Алматыда ұры телефонмен сөйлескендей болып, ұялы телефонды жымқырған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда белгісіз ер адамның ұялы телефон ұрлаған сәті бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

Оқиға 22 наурыз күні Горький саябағындағы баскетбол алаңында болған. Куәгердің айтуынша, ер адам жанында тұрып, телефонмен сөйлесіп тұрғандай көрініс жасаған. Сол сәтте ол екінші қолымен жәбірленушінің күртесінің қалтасынан ұялы телефонын білдірмей алып кеткен.

Жәбірленуші тарап полицияға арыз түсіргенімен, күдіктінің жеке басы әлі анықталмаған. Қазіргі уақытта оны іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

Бейнежазбаны көрген желі қолданушылары күдіктінің әрекетін кәсіби ұрыға тән деп бағалап, мұндай жағдайлардың жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

Полиция мәліметінше, бұл дерек бойынша Медеу ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс тіркеген. Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыс ашылып, кінәлі тұлға заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар полиция азаматтарды сақ болуға, жеке заттарын қараусыз қалдырмауға және күдікті жағдайларда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.

Материал авторы