SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҚР прокуратурасы Жамбыл облысындағы Гвардея гарнизонында болған сарбаз өліміне қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталғанын мәлімдеді.
Ведомство дерегінше, биыл 27 қаңтарда қаза тапқан Рүстемұлы Е.-нің өліміне рота командирінің қызметтік салғырттығы себептердің бірі болған. Тергеу барысында командирдің жеке құрамның қызмет атқаруын және қарумен жұмыс істеу тәртібін тиісті деңгейде бақыламағаны анықталған.
Сонымен қатар, лауазымды тұлғаның қаза болған сарбаздың әріптестеріне қатысты билігін асыра пайдаланғаны да белгілі болды.
Бас прокуратура мәліметінше, іс бойынша қажетті дәлелдер қысқа мерзім ішінде жиналып, қылмыстық іс сотқа жолданған.
Қазіргі уақытта сарбаз өлімінің өзге де мән-жайларын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Істің барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында. Тергеу құпиясына байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салсақ, мерзімді әскери қызметтегі сарбаз 27 қаңтар күні қарумен жұмыс істеу кезінде ауыр жарақат алып, көз жұмған болатын.
Сондай-ақ 2026 жылдың ақпан айында осы өңірдегі әскери бөлімдердің бірінде сарбаз соққыға жығылып, ауруханаға түскен. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, кейін төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылған.
RUS