227

Қарағандыда жоғалған бала далада түнеп, шалшық су ішіп аман қалғанын айтты

Жасөспірім сабақтан кейін ауылға барып, қайтар жолда жаяу шығып адасып кеткен.

Қарағандыда жоғалған бала далада түнеп, шалшық су ішіп аман қалғанын айтты
ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында жоғалып кеткен 13 жастағы жасөспірім аман-есен табылды. Ол далада түнеп, шөл қысқанда шалшық су ішуге мәжбүр болған.

Оқиға Қарабас ауылы мен Абай қаласының арасында болған. Бейбарыс есімді оқушы сабақтан кейін достарымен бірге Қарабасқа барған. Кешке анасы хабарласқан соң, ол Абайға қайтпақ болады. Алайда белгісіз себеппен автобусқа мінбей, жаяу жолға шыққан.

Күн батқан кезде жасөспірім адасып кеткенін түсініп, анасына хабарлама жіберген. Ол суықтан тоңып, қатты шөлдегенін жазған.

Хабарды алған анасы бірден көмек сұрап, іздеу жұмыстары басталған. Түні бойы еріктілер, құтқарушылар және полиция қызметкерлері екі елді мекеннің арасын шарлап, баланы іздеген.

Жасөспірімді таңсәріде Абай қаласынан шамамен 15 шақырым жерде Дубовка ауылының тұрғыны байқап қалған. Ол мотоциклмен өтіп бара жатып, далада жалғыз жүрген баланы көріп, бірден полицияға хабар берген.

Баланың анасы Айжан Нақышева ұлының жағдайы туралы айтып берді. Оның сөзінше, бала қатты тоңып, шошып қалған. Су ішпегендіктен ерні кеуіп кеткен. Соған қарамастан, оның денсаулығы жақсы, өміріне қауіп жоқ.

Құқық қорғау органдары бұл оқиғадан кейін ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырды. Мамандар жасөспірімдердің қозғалысын бақылау қауіпсіздік үшін маңызды екенін ескертті.

Материал авторы