479

«Бөтелкемен ұрып, шаштан сүйреді»: Алматыда адамдарға шабуыл жасаған күдіктілер елден шығарылады

Куәгерлердің айтуынша, күдіктілер адамдарға шабуыл жасап, заттарын тартып алған және күш қолданған.

«Бөтелкемен ұрып, шаштан сүйреді»: Алматыда адамдарға шабуыл жасаған күдіктілер елден шығарылады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының орталығында жасөспірімдерден құралған топтың тұрғындарға шабуыл жасағаны туралы бірнеше шағым әлеуметтік желіде тарады. Олардың агрессивті әрекеттері бейнежазбаға түсіп, қоғамда резонанс тудырды.

Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдер адамдарға тиіскен, заттарын тартып алған, тас лақтырып, бөтелкемен ұрған. Зардап шеккендердің бірі 2 сәуір күні белгісіз топтың өзіне және өзге адамдарға себепсіз шабуыл жасағанын айтқан. Оның сөзінше, оқиға кезінде оларды балағаттап, қорқытып, заттарын тартып алған.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, қала орталығындағы дәмханалардың бірінің маңында жасөспірімдер ақша сұрап, бас тартқаннан кейін бірден күш қолданған. Олар қыздарды тырнап, шашынан тартып, әйнек бөтелкемен соққы жасаған. Тіпті кейін де мекеме маңына қайта келіп, жанжал шығаруға тырысқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай оқиғалардың бір ғана жерде емес, бірнеше нысанда қатар болғанын жазды. Кейбір куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдер даяшыларға да шабуыл жасап, сауда сөрелеріндегі заттарды алып кеткен.

Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, құқық бұзушылық деректері әлеуметтік желіде тараған видеолар негізінде тексерілген.

Тексеру барысында барлық жасөспірімдер анықталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Белгілі болғандай, олар — Тәжікстан Республикасының азаматтары. Қазіргі уақытта олар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, олардың заңды өкілдері бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал жасөспірімдердің өздеріне қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасына сәйкес елден шығару шаралары қолданылмақ.

Қазір әрбір дерек бойынша тексеріс жалғасып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.

Материал авторы