Астанада мұғалім сабақ үстінде оқушыларды ұрған (ВИДЕО)
Оқиға 31 наурыз күні технология сабағы кезінде болғаны анықталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы мектептердің бірінде мұғалімнің сабақ барысында оқушыларға күш көрсеткені қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиға технология пәні кезінде болған, ал болған жайт бейнежазба арқылы әшкереленген.
Кадрларда педагогтың бірнеше оқушыға қатарынан күш қолданғаны көрінеді. Оқиғаны оқушылардың бірі жасырын түрде видеоға түсіріп алған.
Аталған жағдайды білім ордасының өзі де растады. Белгілі болғандай, оқиға 31 наурыз күні төртінші сабақ кезінде болған. Мектепте шамамен бір жыл жұмыс істеген мұғалім сабақ үстінде балаларға физикалық әсер етуге жол берген.
Мектеп әкімшілігі жағдайдан хабардар болған бойда педагогпен еңбек шарты бірден бұзылған.
«Еңбек кодексіне сәйкес мұғалім қызметінен босатылды», — деді мектеп директоры.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр.
Материал авторы