«Мерейтойға 1 млн теңге»: Әкімдік қызметкерлеріне заңсыз төленген ақша бюджетке қайтарылды
Қызметкерлерге негізсіз материалдық көмек төленгені анықталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында прокуратура бюджет қаражатын заңсыз пайдалану фактілерін анықтап, барлық төлемдерді қайтарып алды. Бұл туралы прокуратура ресми мәлімдеді.
Бородулиха ауданы прокуратурасының мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне материалдық көмек ретінде заңсыз ақша төлемекші болған.
«Қызметкерлерге негізсіз материалдық көмек көрсетілгені анықталды. Қолданыстағы ережелерді бұзып, бюджет үнемдеу есебінен қызметкерлерге мерейтойлық мерекелеріне 1 млн теңгеден астам қаржы төленген», – деп хабарлады прокуратура.
Сонымен қатар, қызметкерлермен жасалған колективтік шарттар қолданыстағы заңнамаға қайшы болды. 247 қызметкердің қысқа мерзімді демалыс алу, жұмыс уақытын тоқтату кезінде еңбекақыны сақтау және басқа да кепілдіктері шектелген.
Прокуратураның шаралары нәтижесінде барлық шарттар заңға сәйкес түзетіліп, ауыл округі әкімінің бұйрығы күшін жойды, заңсыз төленген қаржы бюджетке қайтарылды. Экономика және бюджет жоспарлау бөлімінің жауапты қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Материал авторы