Қарағандыда зейнеткерге шабуыл жасаған жасөспірімдер сотталды
Қарияны қорлап, видеоға түсірген топқа нақты мерзімдер тағайындалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда зейнеткерге жасалған қатыгез шабуыл ісі бойынша сот үкімі шықты. Айыпталушылар орнында тоғыз адам болды, олардың жетеуі – кәмелетке толмағандар.
Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2026 жылғы 3 сәуірде бірнеше рет тұрғын үйге заңсыз кіріп, тонау жасаған қылмыстық істі қарауды аяқтады.
Сот дерегінше, 2025 жылдың ақпанында айыпталушылар екі рет 68 жастағы қарияның пәтеріне басып кірген. Олар жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оны ұрып-соққан, қорлаған және әрекеттерін ұялы телефонға түсірген. Салдарынан зейнеткерге материалдық шығын келіп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келген.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға наурыз айында тіркелген. Жасөспірімдердің бірі топ құрамында басқа жәбірленушінің үйіне кіріп, оны ұрып, 95 мың теңге көлемінде мүлкін тартып алған.
Сотта айыпталушылардың кінәсі олардың ішінара мойындауы, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары және сараптама қорытындылары арқылы дәлелденді.
Мемлекеттік айыптаушы барлық күдіктілерді бас бостандығынан айыруды талап етті, ал қорғаушылар керісінше, жеңілірек жаза сұрады.
Сот қылмыстың ауырлығын, айыпталушылардың басым бөлігі кәмелетке толмағанын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, нақты мерзімдер белгіледі: біріне – 7 жыл, тағы біріне – 6 жыл 6 ай, екі жасөспірімге – 5 жыл 6 айдан, қалғандарына – 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Аталған іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу мәліметінше, жасөспірімдер зейнеткердің үйіне «электр сымдарын тексеру» деген сылтаумен кіріп, кейін оны қорлап, бейнежазбаларды таратқан.
Қоғамдық наразылық аясында тағы бір оқиға орын алған: айыпталушылардың кейбірі қатарластары тарапынан өз бетінше жазаланған. Осыған байланысты бөлек қылмыстық іс қозғалды. Полиция кез келген құқықтық баға тек заң аясында берілуі тиіс екенін ескертті.
Материал авторы