SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде авиажөндеу зауытының бұрынғы басшысы ірі көлемдегі қаржы жымқырғаны үшін сотталды.
№2 Ақтөбе қалалық соты «Авиажөндеу зауыты №406 ГА» акционерлік қоғамының экс-президенті Геннадий Мезенцевке қатысты үкім шығарды. Ол сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену және ысырап ету бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Сот шешімімен айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар оған 6 жыл бойы мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Іс аясында зауыттың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот шешімімен Мезенцевтен 83,5 млн теңге көлемінде шығын өндірілді.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті авиациялық техниканы жөндеуге арналған тауарлы-материалдық құндылықтарды заңсыз есептен шығару схемасын ұйымдастырған. Құжат жүзінде бөлшектер қоймадан алынып, әуе техникасына орнатылған деп көрсетілгенімен, шын мәнінде қолданылмаған. Кейін бұл қорлар пайдаланылды деген жалған актілер рәсімделіп отырған.
Сондай-ақ тікұшақтар мен ұшақтарға арналған агрегаттар мен қосалқы бөлшектерді жалған сатып алу деректері анықталған. Бұл операциялар күдіктіге тәуелді компаниялар арқылы жүргізілген.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 110 млн теңгені құраған. Тергеу барысында айыпталушыға тиесілі екі пәтер мен жер теліміне тыйым салынған.
Іс сотқа жолданып, нәтижесінде айыпталушыға нақты жаза тағайындалды.
RUS