Тоқаевтың атынан қытайлық блогерге орден табысталды
Блогердің жарияланымдары 1 миллиардтан астам қаралым жинап, елдің туристік әлеуетін кең аудиторияға танытты.
Қытайлық миллиондаған оқырманы бар блогер, Kazakh Tourism амбассадоры Тао Минсю Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан «Достық» орденінің II дәрежесімен марапатталды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, мемлекеттік награданы вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстаған.
Министрлік бұл марапат блогердің Қазақстанды Қытай медиакеңістігінде ілгерілетуге, елдің мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін насихаттауға қосқан үлесін мойындау екенін атап өтті. Сондай-ақ оның қызметі екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал еткен.
Ресми рәсім барысында Аида Балаева: «Бұл марапат – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесіңізге берілген жоғары баға. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды жақынырақ таныды», – деп мәлімдеді.
Тао Минсю (Тао Тао есімімен де танымал) Қазақстанға алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде келген. Содан бері ол елдің бірнеше өңірін аралап, 100-ден астам материал жариялаған. Жалпы қаралым саны 1 миллиардтан асқан.
2025 жылдың мамырында блогерге «Қазақстанның туризм елшісі» мәртебесі берілді. Қазір ол бесінші сапары аясында Алматы – Ақтау – Түркістан бағытымен жүріп, Амал және Наурыз мерекелеріне қатысып жатыр.
Материал авторы