Атырауда полицейлерге шабуыл жасаған бір топ жас іздестіріліп жатыр
Оқиға көшеде алкоголь ішіп отырғандарға жасалған ескертуден кейін бірден ушығып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында бір топ жас полицейлерге шабуыл жасап, екі қызметкер жарақат алды. Оқиға Мақат ауданында болған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода бірнеше адамның тәртіп сақшыларына күш қолданғаны көрінеді. Алдын ала мәлімет бойынша, 3 сәуір күні шамамен сағат 22:20-де полицейлер көшеде алкоголь ішіп отырған азаматтарға ескерту жасаған. Алайда ескерту жанжалға ұласып, азаматтар агрессия танытып, күш қолданған.
Полиция мәліметінше, шабуыл салдарынан екі қызметкер зардап шекті. Күдіктілердің бір бөлігі ұсталған, қалғандарына іздеу жарияланған.
«3 сәуір 2026 жылы шамамен сағат 22:00-де Мақат ауданында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу барысында азаматтардың қарсылығына тап болды. Оқиға кезінде топ болып жиналған адамдар құқық қорғау органдары өкілдеріне күш қолданған. Соның салдарынан екі қызметкер жарақат алды», – деп хабарлады ведомство.
Аталған дерек бойынша «билік өкіліне күш қолдану немесе қорқыту» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұған дейін Қостанайда да полицейдің соққыға жығылғаны хабарланған еді.
Материал авторы