SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында екі мумияланған мәйіт табылған резонанстық іс бойынша күдіктілерге бірден екі баппен айып тағылды. Тергеу әлі жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға Майқайың кентінде тіркелген. 13 ақпан күні көршілес орналасқан екі жеке үйден 39 жастағы әйел мен оның 67 жастағы әкесінің мәйіттері табылған. Алдын ала дерек бойынша, олардың бірі небәрі екі жыл бұрын, ал екіншісі бірнеше ай бұрын көз жұмған.
Бұл жағдай полицияға медицина қызметкерлерінің шағымынан кейін белгілі болған. Дәрігерлер отбасының бір мүшесі ұзақ уақыт емге келмей, байланысқа шықпағанын айтып, дабыл қаққан. Алайда үйге барған кезде ешкім есік ашпаған.
Мәйіттердің бірі табылған үйде қарт әйел, оның ересек қызы және алты жастағы немересі тұрған. Кейін әлеуметтік желіде тараған ақпарат қоғамды одан әрі алаңдатты: бала бірнеше жыл бойы анасының мәйіті жатқан бөлмеде ұйықтаған деген мәлімет шықты. Сондай-ақ мессенджерлерде баланың мәйіттерді майлауға көмектескені туралы аудиожазба тарады, алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Аталған жайтқа байланысты үй иесі — қарт әйел мен оның қызына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, тиісті сараптамаларға жіберілген.
Полиция мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 314-бабы «мәйіттерге және жерлеу орындарына қорлау» және 190-бабы «алаяқтық» бойынша тергеліп жатыр. Қазір сот-психологиялық және психиатриялық сараптамалар жүргізілуде. Соның нәтижесіне қарай нақты процессуалдық шешім қабылданады.
Қазіргі уақытта екі әйел де психиатриялық диспансерде ем қабылдап жатыр.
Алты жастағы бала тексеру үшін ауруханаға жатқызылып, кейін туыстары оның ата-анасы мен атасын жер қойнына тапсырған. Қазір ол Екібастұздағы «Үміт» балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп жатыр. Мамандардың айтуынша, баланың психикалық дамуы қалыпты, ол есептей алады және әріптерді таниды.
Көршілердің сөзінше, бұл отбасы ұзақ уақыт бойы оқшау өмір сүріп, ешкіммен араласпаған. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда.
RUS