Атырауда полицейлерге шабуыл жасаған барлық күдікті ұсталды
Оқиғаға қатысы бар барлық күдіктілер қысқа мерзім ішінде анықталып, қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты іс толық ашылды. Құқық қорғау органдары күдіктілердің барлығын анықтап, ұстап, қамауға алды.
Оқиға 3 сәуір күні кешкі сағат 22:00 шамасында Мақат ауданында болған. Қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу барысында бір топ жас азаматтың қарсылығына тап болған. Мас күйде болған күдіктілер агрессия танытып, полицияға күш қолданған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталып, жауапкершілікке тартылған. Оларға қатысты билік өкілдеріне күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, әкімшілік шаралар да қолданылған.
Ведомство бұл әрекеттерге нөлдік төзімділік танытылатынын мәлімдеді. Құқық қорғау органдарының өкілдеріне қысым көрсету, қарсылық білдіру немесе күш қолдану қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер толық жауапқа тартылатыны атап өтілді.
Еске салсақ, шабуыл салдарынан екі полиция қызметкері зардап шеккен. Күдіктілердің бір бөлігі оқиға орнында ұсталса, қалғандары кейін іздестіріліп, қолға түсті.
Материал авторы