230

Аягөздегі сарбаз өлімі: Дәрігер сотталды, бірақ рақымшылыққа ілікті

Менингиттен көз жұмған сарбаз ісі бойынша сот үкімі шықты.

Аягөздегі сарбаз өлімі: Дәрігер сотталды, бірақ рақымшылыққа ілікті
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында мерзімді әскери қызметкердің өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Аягөз гарнизонында менингиттен көз жұмған 20 жастағы сарбаздың ісінде дәрігер кінәлі деп танылды. Алайда сотталған медицина қызметкері рақымшылыққа ілігіп, жазадан босатылды.

Марқұм былтыр сәуірде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған. Мамыр айының ортасында жағдайы сыр беріп, Аягөздегі әскери госпитальға жатқызылған. Алғашқы тексеруден кейін оған жеңіл диагноз қойылып, тиісті ем тағайындалған.

Бірақ сарбаздың жағдайы күрт нашарлаған. Дене қызуы көтеріліп, қан қысымы төмендеп, құсу мен жөтел белгілері күшейген. Соған қарамастан, дәрігер науқастың жағдайының ауырлығын дер кезінде бағаламай, емдеу тактикасын өзгертпеген және оны мамандандырылған медициналық мекемеге уақытылы жібермеген.

Кейін сарбаз орталық аудандық ауруханаға ауыстырылғанымен, 19 мамыр күні жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Сот-медициналық сараптама өлім себебін іріңді менингит деп анықтады. Ауру екі жақты іріңді отиттен асқынып, ми ісінуіне, сепсиске және басқа да ауыр асқынуларға әкелген. Сарапшылар дер кезінде нақты диагноз қойылып, тиісті ем басталған жағдайда сарбаздың өмірін сақтап қалуға болар еді деген қорытындыға келген.

Тергеу барысында дәрігердің ауру белгілерін дұрыс анықтай алмағаны, қате диагноз қойғаны және менингококк инфекциясына қажетті тексерулер жүргізбегені белгілі болды.

Айыпталушы өз кінәсін мойындамай, соттан ақтауды сұрады. Ол барлық медициналық хаттамалар сақталғанын алға тартты.

Сарбаздың ата-анасы оның әскерге дейін толық медициналық тексеруден өтпегенін мәлімдеді.

Семей гарнизонының әскери соты дәрігерді кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру және осы мерзімге медицина саласында қызмет ету құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда айыпталушыға рақымшылық жасалып, жаза өтеуден босатылды.

Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, 12 миллион теңгеден астам көлемде моральдық және материалдық шығынды өтеуді міндеттеді.

Материал авторы